Президент Республики Казахстан Касым-Жомарт Кемелевич Токаев
Қауіпсіздік. Бейқамдық өкінішке ұрындырады
02-11-2020 17:00
Қауіпсіздік. Бейқамдық өкінішке ұрындырады

Айдана ҚУАНЫШЕВА

     Бейқамдық өкінішке ұрындырады

            Облыстық балалар ауруханасының травмотология бөлімшесіне күніне 40-50 жасөспірім жарақатпен келеді екен. Қоғамда балалар арасындағы травматизм мәселесі де өзекті болып отыр. Жасөспірімдер жапа шегетін оқыс жағдайларға ата-аналардың бейқамдығы себеп.

            Облыстық балалар ауруханасының травматолог дәрігері Талғат Қасымбеков биыл елдегі пандемияға байланысты өңірде жарақат алу көрсеткіші азайғанын айтады. Бұл жағдайға карантин кезінде ата-аналардың ұл-қызының жанында болғаны әсер еткен.

            -Әке-шешенің қарауында  жүрген бала жамандыққа ұрынбайды. Елімізде таралған коронавирус індетіне байланысты жасөспірімдердің қатысуымен орын алған жол-көлік оқиғалары, ауыр жағдайға тап болған фактілер тіркелген жоқ. Мектеп қашықтан білім алу форматына көшкендіктен,  спорт жарыстары, түрлі үйірмелер кезінде жарақат алған оқушылар да тіркелген жоқ. Бірақ далада ойын ойнап, әткеншек, самокат, велосипед теуіп, дене жарақатын алған балалар бар. Күніне біздің бөлімшеге 50-ге жуық бала келеді, - дейді дәрігер.

            Талғат Оразғалиұлының айтуынша, қайғылы жағдайларға ата-аналардың жұмысбасты болуы себеп. Жуырда ғана ақ желеңділер облыс орталығында 7-ші қабаттан құлаған 12 жастағы жасөспірімнің өмірімен арпалысқан. Өкініштісі, бала дене жарақатының ауырлығына байланысты жан тәсілім еткен.

            -Балаға қатысты орын алған кез келген фактіге алдымен әке-шеше кінәлі. 7 жасқа толмаған баланы үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Ойын баласы қолды аяққа тұрмайтынын есте ұстаған жөн. Қанша рет ақыл айтсаңыз да, баланың аты бала. Ауруханаға шұғыл жағдайда түскен әр жасөспірімнің өмірін сақтап қалу біздің міндетіміз. Өкініштісі, алған жарақатының деңгейіне байланысты барлығының өміріне араша түсу мүмкін болмай жатады. Биыл Ақсу қаласына қарасты Қалқаман ауылында 3 жастағы сәби 4 қабаттан құлап кеткен еді. Нәресте жедел түрде Ақсу қаласының ауруханасына жеткізілген. Оқиға орын алған уақыттан бастап, 1,5 сағаттың ішінде санавиацияның көмегімен оны облыстық балалар ауруханасына әкелдік. 3 сағат ота жасалды. Бәрі сәтті аяқталып, бала 10 күннен кейін үйіне шығарылды. Санавиация болмағанда баланы құтқара алмас едік. Мұндай жантүршігерлік оқиғалар орын алмас үшін ата-аналар балаларын көзден таса қылмауы тиіс, - дейді дәрігер.

            Талғат Қасымбеков жарақат алған жасөспірімдерді қабылдап қана қоймай, дене мүшесінде кінәраты бар жаңа туған сәбилерге де көмек көрсетеді. Осы салада 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман күніне кем дегенде 2 отаға қатысады екен.

            -Қазіргі уақытта туа біткен даму ақаулары бар нәрестелердің саны көбейген. Соңғы жылдармен салыстырғанда екі есеге ұлғайды десем қателеспеймін. Әсіресе, қол-аяғында саусақ саны көп, аяғы қисық бітелген, саусақтары бір-біріне жабысқан балалар көп. Олардың дене мүшелері қалыпты дамуы үшін сәби күнінен ота жасаймыз. Бұл жағдайға аналардың жүктілік кезеңіндегі денсаулығы, қоршаған ортаның экологиясы да себеп, - дейді дәрігер.

            Аймағымызда жыл басынан бері 6285 бала тұрмыстық жарақаттан жапа шеккен.  Оның көпшілігі сырғанау, әткеншек, велосипед тебу және батутқа міну кезінде жараланған. Ал 6097 жасөспірім тамақтан уланып, күйікке шалынған.

            Енді мына статискаға көз жүгіртейік. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәлетіне сүйенсек, 5-15 жас аралығындағы балалардың мүгедектікке шалдығуына 90 пайыз төтенше жағдайлар кінәлі. Әлемде жыл сайын 260 мың бала – жол апатынан, 175 мың бала – суға батудан қайтыс болады екен. Сондай-ақ, 96 мың баланы күйік шалса, 47 мың бала биіктіктен құлайды екен. Тағы 45 мың бала тамақтан уланып өмірімен қош айтысады екен. Жағаұстатарлық статистканың санын азайту үшін бауыр етің – баланы көзден таса қылмай, жанында жүрген абзал!